Францияның ірі қалаларында студенттік тұрғын үй табу әрдайым оңай емес. Дегенмен, орналастырудың көптеген және әртүрлі шешімдері бар. Басты кеңес: іздеуді мүмкіндігінше ертерек бастаңыз.
Болуға жоспарланған уақытқа байланысты тұрғын үй нұсқалары
Іздеуді неден бастау керек?
Төменде ықтимал резиденциялардың, іздеу сайттарының және агенттіктердің тізімін жүктей аласыз.


CROUS студенттік жатақханаларындағы бөлмелер
Студенттік қалашықтардағы бөлмелерді бөлу және орналастыру мемлекеттік CROUS ұйымы арқылы жүзеге асады. Бұл – студенттер үшін ең үнемді орналастыру түрі. CROUS-пен арнайы келісімі бар-жоғын білу үшін оқу орныңыздың халықаралық қатынастар бөліміне хабарласыңыз.
Сонымен қатар, CROUS ұйымының ресми сайтындағы «тұрғын үй» (logement) бөлімін қарап шығыңыз, онда студенттік қалашықтан бөлме алу шарттары көрсетілген. Көп жағдайда CROUS-қа өтініш беру қаңтар-наурыз айларында басталып, наурыз-мамыр айларында аяқталады (аймаққа байланысты).
Бұл тұрғын үй түрін алу үшін Сізге кепілгер көрсету қажет (ЕО-ға мүше елдің жұмыс істейтін азаматы).
Сонымен қатар, CROUS қосымша тұрғын үй іздеу платформасын іске қосты: www.lokaviz.fr
Ескеру керек: француз үкіметінің стипендиаттарына басымдық беріледі, сондықтан шетелдік студенттерге орын жетіспеуі мүмкін. Сондықтан, басқа тұрғын үй нұсқаларын да қарастырған жөн.
Жеке резиденцияда тұру
Көптеген жеке студенттік жатақханалар шетелдік студенттерге ашық. Алайда, CROUS университеттік резиденцияларына қарағанда, жалдау ақысы жоғары болуы мүмкін. Бұл келісімшартқа кіретін қосымша қызметтерге байланысты: кір жуу, интернет, фитнес-зал және т.б.
Кейбір жоғары оқу орындарында, соның ішінде Grandes écoles, студенттерге арналған жеке жатақханалар бар. Тұру шарттары туралы ақпарат алу үшін тікелей оқу орныңызбен хабарласыңыз.

Жеке жалға берушілерден тұрғын үй
Егер сіз CROUS жатақханасынан орын ала алмасаңыз, жеке жалға берушілерге немесе жылжымайтын мүлік агенттіктеріне жүгініп, бөлме немесе пәтер іздеуіңізге тура келеді.
Сіз сондай-ақ бірлескен жалдау (colocation) нұсқасын таңдай аласыз: бұл – басқа студенттермен бірге жеке секторда тұру, жалдау ақысын бөлісуге мүмкіндік беретін үнемді әрі ыңғайлы шешім.
Егер сізде кепілгер болмаса, тұрғын үй ақысын толық бір жылға алдын ала төлей аласыз.
Іздеу сайттары:
Тұрғын үй іздеу бойынша кеңестер
- Тұрғын үйді университеттен шақырту алғаннан кейін бірден іздей бастаған жөн, себебі виза алу үшін сізге ең кемі алғашқы үш айға (мүмкіндігінше бүкіл оқу жылы бойы) тұратын жеріңізді растау қажет. CROUS резиденцияларына немесе жеке резиденцияларға өтініш беру сияқты сұраныстарды қашықтан жасаңыз.
- Дегенмен, сақ болыңыз және студенттерге тұрғын үй ұсынатын ұйымның сенімділігін тексеріңіз. Жалға алу келісімшартына қол қоймай және ұйыммен тікелей мәлімет алмаспай тұрып, ешқашан ақша жібермеңіз.
- Алдымен қысқа мерзімге (3 ай) баспана брондап, содан кейін жергілікті жерде жалға алуды ұзарту немесе басқа тұрғын үй іздеу туралы шешім қабылдауға болады.
- Тұрғын үй табу, әсіресе Парижде, жиі қиынға соғады. Тұрғын үй алу мүмкіндігін арттыру үшін барлық мүмкін ұйымдарға сұраныстар мен өтінімдер жіберіңіз.
- Жиһазбен жабдықталған тұрғын үйді таңдаған жөн.
Тұрғын үйдің тым төмен бағасына сенбеңіз. Ұсыныстарды зерттеп, бағаларын салыстырыңыз. Париждегі студенттік резиденцияларда баға 400 еуродан басталады, ал жеке секторда 600 еуродан жоғары. Басқа қалаларда тұрғын үй құны орта есеппен екі есе арзан.
Сіз APL (CAF) мемлекеттік тұрғын үй көмегін ала аласыз. Бұл көмекті алу мүмкіндігін келісімшартқа қол қоймас бұрын анықтаңыз, себебі APL сіздің тұрғын үйіңіздің құнының 40%-на дейін жабуы мүмкін.
Гарантты қалай табуға болады?
Гарант – бұл сіз үшін қаржылық кепілдік беретін адам, яғни сіз жалдау ақысын төлей алмаған жағдайда, ол төлеуге міндетті болады. Францияда тұрғын үйді жалға алу кезінде көбінесе гарант талап етіледі. Гарант француз азаматы болуы керек және оның жалақысы жалдау ақысының мөлшерінен үш есе жоғары болуы қажет.
Егер сіз гарант таба алмасаңыз, француз үкіметі шешім ұсына алады: VISALE – тұрғын үйге тегін кепілдік. Алайда, барлық жеке меншік жалға берушілер бұл түрдегі кепілдікті қабылдай бермейтінін ескеріңіз.
Мұндай жағдайда, сіз кепілдік қызметін ақылы түрде ұсынатын Garantme сияқты жеке ұйымға жүгіне аласыз.

Тұрғын үй тапқаннан кейін...
Кілттерді алып, тұрғын үйдің инвентаризациясын (état des lieux du logement) жүргізбестен бұрын, сізге жалдау келісімшартына қол қою қажет. Көп жағдайда кепілдік депозитін (dépôt de garantie) төлеу талап етіледі, ол жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін қайтарылады. Әдетте, бұл сома 1 айлық жалдау ақысына тең. Сондай-ақ, тұрғын үйді сақтандыруды (банкте немесе сақтандыру компаниясында) рәсімдеу қажет.
Тұрғын үйді жалға алу бойынша шағын сөздік
- Contrat de location, ou bail - тұрғын үйді жалдау келісімшарты.
- Caution solidaire ou garant - сіз жалдау ақысын төлей алмаған жағдайда, оны төлеуге міндеттенетін кепілгер.
- Dépôt de garantie - ықтимал зақымдарды жабу үшін кепілдік депозиті. Егер ештеңе бүлінбесе, жалға алынған тұрғын үй босатылғаннан кейін қайтарылады.
- Quittance de loyer - жалдау ақысын төлеу туралы түбіртек.
- Assurance habitation - тұрғын үйді өрттен, ұрлықтан, су басудан және басқа да зияндардан сақтандыру.
- Le préavis - жалға алушының жалға берушіні тұрғын үйді босату туралы ескертуі қажет мерзім. Әдетте, жиһаздалған тұрғын үйден шығу туралы 1-2 ай бұрын, ал жиһаздалмаған тұрғын үйден – 3 ай бұрын хабарлау қажет.