APL (CAF) дегеніміз не?
APL (aide personnalisée au logement) – тұрғын үйге арналған жеке жәрдемақы. Оны жаңа типтегі жатақханаларда және жалға алынған (conventionnées) пәтерлерде тұратын студенттер ала алады.
Францияда тұратын барлық шетелдік студенттер француз студенттерімен бірдей тұрғын үй төлеміне қаржылай көмек ала алады, егер олардың тұруға жарамды ықтиярхаты (titre de séjour en cours de validité) болса. Бұл төлемдерді тұратын жеріне байланысты Caisse d’Allocations Familiales (CAF) ұйымы ұсынады. Осы ұйымның бөлімшелерінің тізімін www.caf.fr ресми сайтынан қарауға болады.
Тұрғын үй жәрдемақысын (APL) қалай алуға болады?
APL жәрдемақысын алу үшін құжаттар CAF-қа (тұрғылықты мекенжай бойынша) өтініш берушінің өзі тарапынан тапсырылады. Студенттер өтінішті www.caf.fr сайтында онлайн толтыра алады. Тұрғын үйді жалдау шарты студенттің атына рәсімделуі тиіс. Бір адамға арналған тұрғын үйдің ауданы кемінде 9 м², ал екі адамға – 16 м² болуы қажет.
Шетелдік студенттерге жәрдемақы алу үшін оқу жылы ішінде жарамды, мерзімі төрт айдан асатын тұруға ықтиярхат (titre de séjour) ұсыну қажет. Сонымен қатар, CAF апостиль қойылған туу туралы куәліктің (француз тіліне аударылған) көшірмесін сұратуы мүмкін.
Жәрдемақы мөлшері
Жәрдемақы мөлшері жалға алынған тұрғын үйдің түріне, құнына және орналасқан жеріне, сондай-ақ сіздің әлеуметтік жағдайыңызға байланысты.
Егер сіз төлемдердің шамамен мөлшерін білгіңіз келсе, CAF сайтында жеке түрде есептейтін калькулятор (calcul en direct) бар.
Жәрдемақы төлеу
Жәрдемақы алу үшін досьені қарастыру мерзімі 6-8 аптаға созылады (қате толтырылған немесе толық емес досьелерден басқа). Алғашқы төлем жәрдемақы тағайындау туралы шешім қабылданғаннан кейінгі келесі айда ғана жүзеге асырылады. Яғни, кем дегенде екі ай бұл жәрдемақыға сенім артпаған жөн. Егер досье дұрыс толтырылмаса немесе құжаттар толық болмаса, төлем бірнеше айға кешіктірілуі мүмкін.
Сіз тұрып жатқан тұрғын үйден шығатын күніңізге назар аударыңыз – соңғы айдың жәрдемақысын тек айдың соңғы күні көшкен жағдайда ғана аласыз.