Бұл бөлімде сіз Францияның кейбір қалалары мен университеттерімен танысасыз.
Солтүстік: Лилль
Лилль – Францияның солтүстігінде, О-де-Франс аймағында орналасқан жарқын және қайнаған тіршілікке толы қала. Кішкентай француз қалашығы болып көрінгенімен, студенттік өмір үшін барлық жағдай жасалған. Ойда жоқта жасалған сапарларды ұнататындар үшін бұл тамаша орын: автобуспен 40 минутта Брюссельге жетуге болады, пойызбен бір сағатта Лондонға, үш сағатта Амстердамға, Парижге небәрі бір сағатта жетуге болады.
Қала өзінің сәулетімен және ерекше тар көшелерімен таңғалдырады. Лилльде ерекше тыныштық атмосферасы сезіледі. Қаланың орталығында 1792 жылғы тұрақсыз және күрделі кезеңді бейнелейтін атақты Гранд-Плас алаңы орналасқан. Лилль рухани-тарихи мұражайларымен, көше бойында орналасқан ашық базарларымен ерекшеленеді.
Көшедегі тұрақты концерттер мен музыкалық фестивальдердің арқасында қала сізге мәдениет саласында жаңа білім алуға мүмкіндік береді. Лилль университеті – Франциядағы ең ірі мемлекеттік университеттердің бірі болып саналатын француз мемлекеттік университеті. Бұл университетте студенттер өз білімдерін кез келген бағытта жалғастыра алады.

Страсбургтің Тарихи орталығы Petite France - Кішкентай Франция
Шығыс: Страсбург
2016 жылы француздық Лотарингия аймағы Эльзас және Шампань-Арденн аймақтарымен бірігіп, Гранд-Эст деп аталды. Бұл аймақ Люксембург, Бельгия, Швейцария және Германиямен шекаралас орналасқан. Сондықтан егер сіз ұмытылмас саяхатқа шыққыңыз келсе, бұл аймақ сізге басқа да көптеген еуропалық елдерге баруға мүмкіндік береді.
Страсбург – бұл неміс-француз мәдениетінің ерекше үйлесімі. Эльзас Франциядағы ең кішкентай аймақтардың бірі болғанына қарамастан, ол әрдайым әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартады. Жыл сайын желтоқсанда қалада үлкен рождестволық жәрмеңке өтеді: дүкендердің витриналары жарқырап, дәмдеуіштер мен даршынның иістері балалық шақтың жылы естеліктерін оятады.
Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген халықаралық студенттер Страсбургке келіп, Францияның ең көне мемлекеттік университетінде сапалы білім алуға ұмтылады. Страсбург университетінде жыл сайын шамамен 45 мың студент білім алады, олардың 20%-ы – шетелдік студенттер. Университеттің 18 түлегі Нобель сыйлығына ие болған, олардың қатарында атақты тұлғалар Иоганн Гёте, Альберт Швейцер және Луи Пастер бар.
Лион
Лион – Францияның тарихи Овернь-Рона-Альпы аймағындағы қала. Бұрын Лион елдегі ең халық көп шоғырланған, ең қарбалас және ең бай қала болып саналған, өйткені ол бастапқыда халықаралық алмасу мен кездесулер үшін салынған. Бұл дәстүр қаланың өркендеуіне және қарқынды дамуына ықпал етті. Бүгінде Лион Еуропа мен әлемдік деңгейдегі серіктестік қарым-қатынастардың орталығы болып табылады. Ірі шетелдік серіктестерімен бірлесе отырып, қала экономика, мәдениет және урбанистика салаларындағы тәжірибесімен бөліседі.
Лионға келген кезде, сіз қаланың әр бұрышында орналасқан көрікті жерлерден ұмытылмас әсер аласыз. 2016 жылы Лионның Еуропадағы ең үздік туристік бағыт ретінде таңдалуы таңқаларлық емес. Жыл сайын 6 миллионнан астам турист қаланың тарихи орталығының сұлулығын өз көздерімен көру үшін келеді.
Бүгінгі таңда Лион – студенттер саны бойынша Парижден кейінгі екінші қала. Мұнда 140 000-ға жуық студент білім алады, олар 4 мемлекеттік университет пен 54 жоғары оқу орындарында білім алады. Жыл сайын шамамен 15 000 шетелдік студент Лионға келіп, сапалы білім алып, болашақта халықаралық компаниялардың бірінде жұмыс табуға үміттенеді.

Тулуза - Францияның оңтүстігінде орналасқан Оңтүстік-Пиреней аймағының астанасы. Бұл – елдегі ең ірі ғылыми және өнеркәсіптік қалалардың бірі. Тулуза көптеген француз аймақтарының дәстүрлерін өз бойына сіңірген ерекше қала.
Қалада 1997 жылы ашылған әйгілі “Ғарыш қалашығына” (Cité de l’espace) назар аудармау мүмкін емес. Бұл – ғарышты зерттеу мен игеруге бағытталған мәдени және ғылыми орталық. Мұнда «Ракета 5», «Ариан 5» зымырандарының, «Мир» ғарыш станциясының және оның «Союз» модулінің түрлі экспонаттары мен үлгілерін көруге болады.
Қала өзінің тарихи монастырьлары, қайта өрлеу дәуірі стилінде салынған сәулеттік үйлерімен шабыттандырып, ерекше әсер сыйлайды.
Тулуза университеті – 1229 жылы негізі қаланған Еуропадағы ең көне университеттердің бірі. Орта ғасырларда мұнда Жан Боден мен Этьен Доле сияқты көрнекті тұлғалар еңбек етті, ал қазіргі заманға келетін болсақ, құқық пен социология саласында із қалдырған Жан Жорес, Морис Ориу, Раймон Арон және Жорж Ведель сынды танымал есімдермен байланысты.
Марсель
Марсель – Францияның оңтүстік-шығысында, Прованс-Альпі-Лазур жағалауы өңірінде орналасқан қала. Қала Жерорта теңізінің жағасында орналасқан және екі порты бар, олар Марсельді жаңа және ескі қала бөліктеріне бөледі. Ескі қалада көптеген қызықты және көне мұражайлар бар: Ескі Марсель мұражайы, Мод мұражайы, Көркем өнер мұражайы және т.б. Сіз міндетті түрде Теңіз флоты мұражайына баруыңыз керек, онда ежелгі грек қаласының қазба жұмыстары жүргізілуде. Марсельдің жартастары мен мінсіз таза жағалаулары әлемнің ең алыс бұрыштарынан туристерді тартады.
Қала болашақ жас студенттер үшін көптеген артықшылықтар мен мүмкіндіктер ұсынады. Біріншіден, шуақты, жарқын және ерекше атмосферасы бар қалада өмір сүруден артық не бар? Екіншіден, 78 000 студенті бар университет әлемдегі ең ірі француз университеттерінің бірі болып саналады. Университет барлық пәндерді қамтиды: өнер, әдебиет, тілдер және гуманитарлық ғылымдар, құқық және саясаттану, экономика және басқару, денсаулық сақтау, жаратылыстану және техника ғылымдары.
Монпелье
Монпелье – Францияның оңтүстігіндегі ең үлкен қалалардың бірі, теңізден небәрі 10 км қашықтықта орналасқан.
2012 жылы Монпелье әлемдегі саяхаттауға ең қолайлы 45 орынның қатарына кірді. Бұл таңқаларлық емес, өйткені қала өзінің мәдениетімен, көркем галереяларымен, аппақ жағажайларымен, тарихи ғимараттарымен және нәзік асханасымен ерекше. Қаланың көлеңкелі көшелерімен серуендеп жүріп, оның ерекше әрі сәнді сәулеті көз тартатынын байқауға болады.
1220 жылы негізі қаланған медицина мектебі – бүкіл Еуропадағы ең көне оқу орындарының бірі. Бір кездері мұнда атақты көріпкел Нострадамус білім алып, сабақ берген.
Монпелье университеті – 1289 жылы құрылған ежелгі жоғары оқу орны. Жыл сайын мыңдаған студент осы университетті таңдайды, өйткені Монпелье қаласы Франциядағы ең үздік үш студенттік қаланың қатарына кіреді. Қаланың қарқынды дамуының арқасында Монпельедегі университеттер мен жоғары оқу орындары жаңа жас мамандарды оқуға қабылдайды.

Бордо – Жаңа Аквитания тарихи аймағының орталығы, Францияның оңтүстік-батысында орналасқан. Аумағы бойынша Бордо Франциядағы бесінші ірі қала болып саналады. Жылы әрі жұмсақ климатының арқасында қала жасыл желекке бай. Тарихи қаланың көшелерімен серуендеп жүріп, сіз архитектуралық ғимараттардың әсемдігіне таң қаласыз. Туристік экскурсиялардың бастапқы нүктесі әдетте Биржа алаңынан басталады. Мұнда керемет Кеден мұражайы және әйгілі Айналы Фонтан орналасқан. Итальяндық архитектураға ұқсастығының арқасында Бордо «Кіші Рим» деген атауға ие болды.
Бордо – Франциядағы студенттер саны бойынша алтыншы қала. Мұнда 4 университет, Политехникалық ғылымдар институты, 4 технологиялық институт, 12 инженерлік мектеп, 9 бизнес-мектеп және 2 өнер мектебі бар. Осындай кең таңдау арқасында әрбір студент өзіне қолайлы мамандықты таңдап, жас әрі динамикалық қалада білім ала алады.
ПАРИЖ
Париж – әлемдегі ең әдемі, романтикалық және талғампаз қалалардың бірі. Кейбіреулер қателесіп, Парижде тек бір ғана университет – Сорбонна бар деп ойлайды. Алайда бұл дұрыс емес. Қалада Франциядағы ең көп мемлекеттік университеттер шоғырланған – барлығы 16. Олардың кейбіреулері атауында тарихи «Сорбонна» атауын сақтаған: Пантеон-Сорбонна университеті, Жаңа Сорбонна және т.б. Бұл университеттердің көпшілігі көпсалалы болып табылады. Сондықтан миллиондаған жас маман болашақ мамандығын таңдау кезінде Парижді таңдайды.
Université Paris Nanterre
Бүгінгі таңда Париж Нантер университеті – 32 гектар аумақты алып жатқан, Еуропадағы ең ірі іскерлік ауданның жанында орналасқан шынайы университеттік кампус. Университет шетелдік оқу орындарымен, сондай-ақ француз және шетелдік компаниялармен тығыз серіктестік қатынастарымен мақтанады. Жыл сайын бұл университетте 30 000-ға жуық студент білім алады, олардың 6000-ы – шетелдік студенттер.
Université Paris Diderot Paris 7
Құрылған сәтінен бастап көпсалалы жоғары оқу орны болып табылады. Ол үш негізгі академиялық саланы қамтиды: медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар.
Орталықта орналасуының арқасында университет кампусы шамамен 26 000 студентті қабылдайды, оның ішінде 7000 шетелдік студент бар. Жыл сайын университет оқыту сапасы мен бағдарламалардың қарқындылығын жақсарту үшін өзгерістер енгізеді.

Université Paris 13
Université Paris 13 – 1968 жылдан кейін Сорбоннаның орнына құрылған он үш университеттің бірі. Қазіргі уақытта университетте шамамен 23 000 студент білім алады, олар 5 кампусқа бөлінген. Университеттің көпсалалы бағыттылығының арқасында студенттер өз болашақ мамандығын еркін таңдай алады.
Université Paris Descartes – Paris 5
Université Paris Descartes – Paris 5 өз құрамындағы 9 оқу және зерттеу бөлімдері арқылы әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мен денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларды қамтиды. Университеттің медициналық бағыты тек Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде мойындалған. Жыл сайын бұл университетте шамамен 40 000 студент білім алады.
Université Paris-Est Créteil Val de Marne
Université Paris-Est Créteil Val de Marne 1971 жылы құрылған және жеті факультет пен бес институттан тұрады. Мұғалім-ғалымдар, оқытушылар және 3000-нан астам мемлекеттік және жеке серіктестер жыл сайын барлық жастағы 30 000-ға жуық студентті қабылдайды. Өзінің кең академиялық, ғылыми және технологиялық әлеуетінің арқасында университет 300-ден астам пән бойынша кең ауқымды бағыттарды ұсынады.
Université Paris-Sud
Université Paris-Sud – беделді көпсалалы университет, ғылым мен медицинаға басымдық береді. Өзінің зерттеулері, тартымды оқу бағдарламасы және көптеген серіктестік қатынастары арқасында университет ең жоғары халықаралық деңгейде беделге ие. Дүниежүзілік университеттер рейтингінде Францияда 1-орынды, Еуропада 7 және 6-орындарды иеленеді. Ғылым мен медицинадан бөлек, студенттер құқық, экономика, техникалық ғылымдар және басқа да мамандықтарды оқи алады.