Франциядағы жұмыс

Талапкерлер, Студенттер, Магистранттар, Докторанттар, Түлектер

Франция заңнамасы шетелдік студенттерге белгілі бір шарттар аясында жұмыс істеуге рұқсат береді.

Ұзақ мерзімді студенттік виза және ықтиярхат (titre de séjour) шетелдік студенттерге заңды жұмыс уақытының 60%-ына дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді (аптасына 20 сағат немесе жылына 964 сағат). Көбінесе студенттер қызмет көрсету саласын таңдайды: кафелер, мейрамханалар, университеттер, мәдени және көрме орталықтары.

Заң бойынша белгіленген ең төменгі сағаттық жалақы 10,54 еуроны құрайды.

Студенттің оқу бағдарламасына сәйкес жоспарланған және университетпен бекітілген тәжірибеден өту уақыты жалпы жұмыс уақытына есептелмейді, тіпті егер ол тәжірибе өтетін ұйымнан жалақы алған жағдайларда да. Осылайша, ақылы тәжірибеден бөлек, студент қосымша жұмыс істеуге мүмкіндігіне де ие болады.

 

 

Шетелдік студенттер университеттер мен басқа да жоғары оқу орындарында уақытша жұмыс істеу құқығына ие. Олардың міндеттеріне жаңа келген студенттерге көмек көрсету, мүмкіндігі шектеулі студенттерге қолдау білдіру, репетиторлық сабақтар өткізу, үлгерімі төмен студенттермен жұмыс жасау, мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ компьютерлік және ақпараттық қолдау көрсету жатады. Студенттермен жасалатын еңбек келісімшартының мерзімі 12 айдан аспауы тиіс.

Шетелдік студенттер университетті бітіргеннен кейін де Францияда жұмыс істеуге мүмкіндік алады, яғни, француз компаниясынан жұмыс ұсынысын алған жағдайда.

Image
Job

Францияда Master 2 деңгейіндегі ұлттық диплом алған шетелдік студенттер өз мамандықтарына сәйкес жұмыс табу үшін бір жыл мерзімге (ұзартылмайтын) уақытша рұқсат сұрай алады. Бұл өтінішті студенттік ұзақ мерзімді визаның немесе тұруға рұқсаттың мерзімі аяқталуына 4 ай қалғанда тұрғылықты жері бойынша префектураға жіберу қажет.

 

Францияда жұмыс тапқан түлектер өздерінің студенттік мәртебесін жалдамалы қызметкер мәртебесіне өзгерте алады. Алайда бұл ел аумағында кемінде бір жыл өмір сүруді талап етеді. Ол үшін арнайы рәсімнен өту қажет: француз кәсіпорнымен жасалған еңбек шарты немесе ресми алынған жұмыс ұсынысын тіркеп, өтінішті ұзақ мерзімді студенттік виза немесе тұруға рұқсат мерзімі аяқталуына 2 ай қалғанда беру қажет.